Шымкентте 8 жастағы қызға қатысты қылмыс жасаған ер адам 7,5 жылға сотталды

Шымкентте 8 жастағы қызға қатысты қылмыс жасаған ер адам 7,5 жылға сотталды
ашық дереккөз

Шымкентте 8 жастағы қызға қатысты азғындық әрекет жасаған 56 жастағы ер адамға сот үкімі шықты. Ол 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Іс Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық отырыста қаралған. Ер адам Қылмыстық кодекстің 124-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 28 сәуірде тұрғын үйдің кіреберісінде болған. Сотта сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәлардың жауаптары, заттай айғақтар және басқа да дәлелдермен расталған.

Прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот оның II топтағы мүгедектігін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Сот ер адамды 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырумен қатар, оны педагогикалық қызметпен айналысу және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды.

Сонымен қатар жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, моральдық зиянды өтеу үшін 3 млн теңге өндірілді.

Айта кетейік, бұған дейін осы іс бойынша ер адамға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Кейін алғашқы үкімнің күші жойылып, іс қайта қаралған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.