Шығыс Қазақстан облысында Қытай азаматтарының қатысуымен ұйымдастырылған заңсыз алтын өндіру фактісі анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылы маңында рұқсатсыз алтын өндірген топтың заңсыз әрекетін тоқтатты.
Тергеу мәліметінше, құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру мен өңдеу салдарынан табиғатқа айтарлықтай зиян келтірілген. Заңсыз қазба жұмыстары кезінде топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедері өзгерген және өзен арнасы бұзылған.
Заңсыз өндіріс жалпы көлемі 30 гектар аумақта ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендердің көмегімен жүргізілген.
Агенттіктің мәліметінше, заңсыз іске 30-дан астам адам тартылған. Олардың арасында Қытай Халық Республикасының азаматтары да бар.
Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш және алтын құрамды кенді өндіруге әрі жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысында алтын өңдеумен айналысқан жасырын цехтың әшкереленгені хабарланған болатын.