Риддерде 13 жастағы қыз құрбысымен мотоциклмен келе жатып, жолды көлденең керіп тұрған арқанға соғылған. Ол оқиға орнында көз жұмды, ал 15 жастағы құрбысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Алдын ала тергеу нұсқасы бойынша, арқан үйлердің бірінің маңындағы бағанаға байланған атқа бекітілген.
Куәгерлердің айтуынша, олар оқиға болған жерге жақындағанда екі мотоциклдің өтіп кеткенін көрген. Артынша қыздардың құлағанын байқаған. Оқиға орнында ер адам бағана жанында тұрған және қара түсті трос не кабельге ұқсас затты жинап жатқан.
Куәгерлердің бірі полиция қызметкерлерінің оқиға орнына келгенін, кейін өздерінен жауап алынғанын айтты.
Қазір полицейлер арқанның жолға қалай тартылғанын анықтап жатыр. Оқиғаға қатысы болуы мүмкін ер адам полицияға жеткізілген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ал зардап шеккен 15 жастағы қыз Риддердегі аурухананың травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Дәрігер-терапевт Ардагүл Байсбаеваның айтуынша, қыздың жабық бас-ми жарақаты және жеңіл дәрежедегі ми шайқалуы, бас терісі мен бетінде сырылған жарақаттары бар.
«Жағдайы ауыр емес. Бала есін біледі, сөйлесіп жатыр. Тек психологиялық күйзеліс алған. Кеше психологқа көрсеттік, тиісті көмек көрсетілді. Қазір дәрігерлердің бақылауында, толық тексеру мен қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деді дәрігер.
Маманның айтуынша, қыздың денсаулығына ұзақ мерзімді әсер ететін ауыр жарақат анықталмаған. Қазір ол біртіндеп есін жиып келеді.
Қайғылы оқиға болған жерге жергілікті тұрғындар гүл шоқтарын әкеліп жатыр.
Бұған дейін Риддерде 13 жастағы қыз мотокөлікпен арқанға соғылып, көз жұмғанын жазған едік.