Солтүстік Қазақстанда қаздар тағы да жаппай қырылып жатыр

Солтүстік Қазақстанда қаздар тағы да жаппай қырылып жатыр
видеодан скриншот

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Шаховское ауылында қаздар жаппай қырылып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ауыл тұрғындары қаздарының үштен біріне жуығы өлген, деп хабарлайды ult.kz.

Тұрғындардың айтуынша, құстар жем жеуден қалып, бүрісіп тұрады. Кейін іші өтіп, денесі дірілдеп, бір тәулік ішінде өліп қалады. Қаздарға дәрі-дәрмек берілгенімен, одан нәтиже болмаған.

Ауыл тұрғындарының бірі жағдайды былай сипаттаған:

«Дұрыс тамақ ішпейді. Бәрі бүрісіп тұрады. Жасыл түстес іш өту басталды, діріл пайда болды. Дәрі сатып алдық, бірақ көмектеспеді. Қаздар құлап жатыр, болды».

Кейбір тұрғындардың ауласында бірнеше мың қаз бар. Сондықтан ауру құстарды сау құстардан бөлек ұстау мүмкін емес. Бұған қоса, тұрғындардың айтуынша, ауру құстар бір тәулік ішінде өліп қалады.

Ветеринариялық қызмет мамандары қырылған құстардан патологиялық және биологиялық материалдар алған. Зерттеу нәтижесінде құс тұмауы, Ньюкасл ауруы, пастереллез және сальмонеллез бойынша алынған сынамалар теріс нәтиже көрсеткен.

Құстардың жаппай қырылу себебі әзірге анықталған жоқ. Материалдар қосымша зерттеу үшін Астанадағы Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталыққа жіберілді.

Айта кетейік, 2025 жылғы қарашада осы Шаховское ауылында шамамен 7 мың қаз қырылған болатын. Сол кезде тұрғындардың шығыны 10 миллион теңгеден асқан. Құстардың нақты диагнозын анықтауға бірнеше апта кеткенімен, уәде етілген өтемақыны төлеу механизмі де нақты белгіленбеген еді.

Арада бір жылға жуық уақыт өткенде ауылда жағдайдың қайта қайталануы тұрғындарды алаңдатып отыр.