Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы «Ботай қонысы» археологиялық ескерткішінде «Ботай. Ғайып ғалам» атты толықметражды шытырман оқиғалы фильмнің түсірілімі жүріп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Жоба Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильмнің авторлары тарихи мұраны заманауи кино тілі арқылы таныстырып, өңірде кинотуризмді дамытуға серпін беруді көздейді.
Ботай қонысы – адамзат тарихында жылқы алғаш қолға үйретілген орындардың бірі ретінде әлемдік маңызға ие археологиялық ескерткіш. Жоба авторларының пікірінше, фильмнің жарыққа шығуы Солтүстік Қазақстан облысына, әсіресе Айыртау ауданына келетін туристер санын арттырып, тарихи-мәдени туризмнің дамуына ықпал етеді.
Түсірілім алаңына «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов арнайы барып, шығармашылық топтың жұмысымен танысты. Кездесу барысында кинотуризм (screen tourism) бағытын дамыту және фильмде көрсетілетін тарихи орындарды туристік маршруттарға енгізу мәселелері талқыланды.
Мамандардың айтуынша, фильмде көрсетілетін табиғи және тарихи локациялар алдағы уақытта бірегей туристік бағыттардың негізіне айналуы мүмкін.
Картинада басты рөлдерді Руслан Асылбек, Вячеслав Никифоров және Аида Құрманғалиева сомдайды. «Ботай. Ғайып ғалам» фильмін көрерменге 2027 жылдың мамыр айында ұсыну жоспарланып отыр.