Жаңа оқу жылынан бастап Солтүстік Қазақстан облысында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі жұмысын бастайды, деп хабарлайды ult.kz.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ. Бастаманың негізгі мақсаты – өңірдегі дарынды жастарға сапалы шығармашылық білім алуға мүмкіндік беру және олардың кәсіби әлеуетін дамыту.
Университет өкілдерінің мәліметінше, жаңа өкілдік өңір жастарының өнер саласында білім алуына қолайлы жағдай жасап, шығармашылық қабілетін шыңдауға жол ашады.
Бүгінде Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті музыка, театр, бейнелеу өнері, кино және теледидар, арт-менеджмент секілді бағыттар бойынша мамандар даярлайтын еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналады. Университеттің студенттері мен түлектері халықаралық байқаулар мен фестивальдерде Қазақстанның намысын қорғап, ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосып келеді.
Өкілдік арқылы талапкерлер «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағыты бойынша театр өнері, бейнелеу өнері, вокал өнері, дәстүрлі музыка өнері, эстрада өнері, сондай-ақ кино және теледидар режиссурасы мамандықтарына түсе алады.
2026–2027 оқу жылына құжат қабылдау және талапкерлерге кеңес беру жұмыстары 20 маусым мен 6 шілде аралығында Астана қаласындағы университет базасында жүргізіледі. Ал қабылдау емтихандары 7 шілдеде басталады.
Мамандардың пікірінше, Солтүстік Қазақстан облысында университет өкілдігінің ашылуы өңірдегі шығармашыл жастардың кәсіби білімге қолжетімділігін арттырып, мәдениет пен өнер саласының дамуына оң әсер етеді.