Көкшетауда төтенше шақыртуға шыққан өрт сөндіру көлігі жол-көлік оқиғасына тап болды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 7 маусым күні сағат 23:00 шамасында Абай және Пушкин көшелерінің қиылысында болған.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, арнайы көлік оқиға орнына жарық шамдары мен дыбыстық белгісін қосып бара жатқан.
– Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Аталған дерек бойынша қызметтік тексеру басталды. Жол-көлік оқиғасына қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға заңнамаға сәйкес беріледі, – деп хабарлады ведомство.
Ақмола облыстық полиция департаменті өрт сөндіру көлігінің Hyundai Solaris автокөлігімен соқтығысқанын нақтылады.
Апат салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.