Семейдегі құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды: полиция сараптама тағайындады

Семейдегі құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды: полиция сараптама тағайындады
astanatv.kz

Семей қаласында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтан адам сүйектері табылды. Бұл ақпаратты әлеуметтік желілерде тараған мәліметтен кейін полиция растады, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияның хабарлауынша, сүйектер бұрынғы «Пищевик» стадионының орнындағы құрылыс алаңынан шыққан.

«Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті. Табылған сүйек қалдықтары олардың адамға тиесілі екенін, шығу тегі мен көмілген уақытын анықтау үшін сот-сараптамасына жіберілді», – деп мәлімдеді ведомство.

Құқық қорғау органдары осындай жағдайға тап болған азаматтарды табылған заттарға қол тигізбей, дереу полицияға хабарлауға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Семейдің орталық бөлігінде өлкетанушылар бұрынғы бекініс зиратының орнында болуы мүмкін бірнеше көне құлпытас тапқан еді. Олардың бірінің орыс жазушысы Федор Достоевскийдің айналасындағы адамдармен байланысы болуы мүмкін екені айтылған.