17 маусым күні Семей қаласында кәмелетке толмаған екі баланың жоғалып кетуіне байланысты іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 14 жастағы Рақымжан Манатұлы Укіртаев пен 8 жастағы Әлихан Дарханұлы Қайратов соңғы рет сағат 20:00 шамасында Семейдегі Восточный кенті ауданында көрінген. Содан бері олардың қайда кеткені белгісіз.
Хабар түскен бойда полиция қызметкерлері іздестіру шараларын бастап кетті. Жеке құрамға бағдар беріліп, балалар болуы мүмкін орындар тексерілуде. Сондай-ақ үй-үйді аралау және іргелес аумақтарды қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Абай облысының полиция департаменті тұрғындардан көмек сұрады.
– Егер балалардың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса немесе оларды табуға көмектесетін мәліметтеріңіз болса, дереу «102» нөміріне хабарласыңыздар, – деп мәлімдеді тәртіп сақшылары.