Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 17 шілде сағат 08:00-дегі жағдай бойынша тілсіз жаумен күреске 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ жұмылдырылған.
Өрт аумағындағы жағдайды Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли тікұшақпен әуеден бақылап шықты.
Түнгі уақытта өрт сөндірушілер өрттің бүкіл периметрі бойынша жұмыс жүргізіп, жалынның әрі қарай таралуына жол бермеу үшін шеттерін бақылап, сөндіру шараларын атқарған.
Таңертең жетуі қиын учаскелерге жаяу десант жіберіліп, өрттің ішкі ошақтарын сөндіру жұмыстары басталды. Сонымен қатар әуе техникасы арқылы су төгу жалғасуда.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта өрт ошағында ашық жану байқалмайды. Мамандар жекелеген түтіндеу ошақтарын толық сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өртті сөндіру басталғалы бері авиация 243 рет су төгіп, жалпы 546 тонна су жеткізген.