Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Wildberries компаниясының ел аумағында қосымша қойма кешендерін орналастыру мәселесі бойынша әзірге ресми өтініш түспегенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметі бұл мәлімдемені Wildberries-тің қойма кешенін Қазақстанға көшіруі мүмкін деген ақпаратқа байланысты жасады. Осылайша, қойманың көшірілетіні жөніндегі мәлімет әзірге министрлік тарапынан ресми түрде расталған жоқ.
Министрліктің хабарлауынша, егер компаниядан тиісті ұсыныс түссе, ол Қазақстанның ұлттық мүддесі мен қолданыстағы заңнама талаптары ескеріле отырып қаралады.
Сондай-ақ ведомство халықаралық компаниялардың жобалары ел экономикасына инвестиция тартуға және отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Министрлік Қазақстан заманауи қойма инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және трансшекаралық электронды сауданы кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Сонымен бірге тауарларды тасымалдау, сақтау және айналымға шығару Қазақстан заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың нормаларына сәйкес реттелетіні, ал жекелеген нарық қатысушылары үшін ешқандай ерекше талаптар немесе жеңілдіктер қарастырылмағаны айтылды.
Еске салайық, бұған дейін «Коммерсантъ» басылымы Wildberries Қазақстанда жалпы аумағы шамамен 100 мың шаршы метр болатын қойма орындарын іздеп жатқанын хабарлаған еді.