Колумбиялық әлем жұлдызы Шакира алғаш рет Орталық Азияда концерт береді. Әнші 18 қазанда Бішкекте өтіп, «Las Mujeres Ya No Lloran» әлемдік турнесі аясында өнер көрсетеді, деп хабарлайды ult.kz.
Концерт бағдарламасына Шакираның әр жылдардағы танымал хиттерімен қатар, жаңа альбомындағы әндер де енген. Көрермендер «Hips Don’t Lie», «Whenever, Wherever», «Waka Waka», «She Wolf» секілді әйгілі композицияларды жанды дауыста тыңдай алады.
GovTicket мәліметінше, билет сатылымы 1 қазанда Бішкек уақытымен сағат 09:00-де басталған. Билет құны таңдалған секторға қарай әртүрлі.
Сахна алдындағы Fanzone 1 және Fanzone 2 аймақтарына кіру құны 40 мың сомға, яғни шамамен 458 долларға дейін жетеді. Ал Ground admission секторындағы билет 27 мың сом немесе 309 доллар тұрады.
Концертті отырып тамашалағысы келетіндер үшін де бірнеше санат қарастырылған. Жоғарғы қатарлардағы орындардың бағасы 13,5 мың сомнан басталады. Ең арзан билет 12 мың сом, шамамен 137 доллар тұрады. Алайда бұл орындар сахнаның шетінде орналасқандықтан, шоу толық көрінбеуі мүмкін.
Бұдан бөлек, бір орны 30 мың сом тұратын Skybox ложалары ұсынылады. Олар 15-20 адамға арналған және холл, асүй мен бармен жабдықталған. Премиум VIP-билеттер сатылымға кейінірек шығарылмақ. Олардың саны шектеулі әрі бағасы негізгі санаттардан жоғары болады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, сахна шығыс трибунаның жанында орналасады, ал оның артындағы секторлар көрермендер үшін жабылады. Стадионға кіру QR-билет арқылы жүзеге асады. Концертке 7 жастан асқан көрермендер ғана жіберіледі.
Шакира туралы не белгілі?
Шакира – колумбиялық әнші, ән авторы, биші және продюсер. Толық аты-жөні — Шакира Исабель Мебарак Риполь. Ол 1977 жылғы 2 ақпанда Колумбияның Барранкилья қаласында дүниеге келген.
Шакира әлемдік музыка индустриясындағы ең танымал латынамерикалық орындаушылардың бірі саналады. Ол испан және ағылшын тілдерінде ән орындайды. Әншінің халықаралық деңгейде танылуына «Whenever, Wherever», «Hips Don’t Lie», «Underneath Your Clothes», «She Wolf», «Waka Waka (This Time for Africa)» секілді хиттері үлкен ықпал етті.
Ол бірнеше Grammy және Latin Grammy жүлдесінің иегері. 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен футболдан әлем чемпионатының ресми әндерінің бірі болған «Waka Waka» туындысын орындап, дүниежүзіне кеңінен танылды.
Шакира музыкалық мансабымен қатар қайырымдылық жұмыстарымен де айналысады. Ол балалардың білім алуына қолдау көрсететін жобаларға қатысып, өз қоры арқылы әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеді.