Сәбиін әжетхана шұңқырына тастаған әйел 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді

Сәбиін әжетхана шұңқырына тастаған әйел 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді
pixabay.com

Түркістан облысында үй ауласындағы әжетханада босанып, жаңа туған сәбиін шұңқырға тастап кеткен әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Қылмыстық істі Сайрам аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 100-бабының 2-бөлігі («Жаңа туған баласын анасының өлтіруі») бойынша қараған.

Сот мәліметінше, әйел 2025 жылдың сәуірінде белгісіз ер адаммен жыныстық қатынасқа түсіп, жүкті болған. Алайда жүктілігін туыстарынан жасырған, медициналық мекемеде есепке тұрмаған және тексеруден өтпеген.

2025 жылдың желтоқсанында жүктіліктің тоғызыншы айында ол Сайрам ауданындағы үйінің ауласындағы, тұрғын үйдің артында орналасқан әжетханада тірі бала босанған.

Сотта анықталғандай, әйел нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін ешқандай әрекет жасамаған. Керісінше, баланы әжетхананың шұңқырына тастап, оның үстіне құм, тас және топырақ қоспасын төккен.

Сот әйелдің әрекетін жаңа туған сәбиін өлтіру деп бағалады.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Үкім заңды күшіне енді.