Балқаш қаласына жақын Саяқ ауылының маңында темір мен марганец кенін заңсыз өндірген үш карьер анықталды. Кенді «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС директоры ұйымдастырған, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, кен өндіруге жұмысшылар мен арнайы техника тартылған. Қазылған кен сату үшін теміржол станциясына жеткізіліп отырған. Заңсыз қазылған топырақ көлемі 338 мың текше метрге жеткен.
Бүлінген жерді қалпына келтіруге 485 млн теңге қажет.
Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеу жалғасып жатыр.