Роман Григорчук «Астананың» бас бапкері қызметінен кетті

Роман Григорчук «Астананың» бас бапкері қызметінен кетті

Украиналық футбол маманы Роман Григорчук елордалық «Астана» командасының бас бапкері қызметінен кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" клубтың сайтына сілтеме жасап.

Роман Григорчук 2018-2019 жылдарда аздаған үзіліспен «Астанаға» басшылық етті. Былтыр оның басшылығымен команда Қазақстан Премьер-лигасында чемпион атанып, Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті.

Р. Григорчук футболшылық өмірінде 1988-2000 жылдарда Украина, Австрия, Польша, Ресей, Латвия елдерінде ойын көрсеткен. Ал өзінің бапкерлік қызметінде ол Латвияның «Динабург», «Вентспилс», Украинаның «Металлург» (Запорожье), «Черноморец» (Одесса), Әзербайжанның «Габала» командаларына жетекшілік жасады.

Сондай-ақ, клубта бас бапкердің көмекшілері қызметін атқарған Михаил Савка, Анатолий Коротя және қақпашылар бапкері Андрей Глущенко да «Астанадан» кетті.

Жаңа бапкердің есімі жақын күндерде белгілі болады.