Резидентура - 2026: Ең маңызды сұрақтарға жауаптар

Резидентура - 2026: Ең маңызды сұрақтарға жауаптар
ашық дереккөз

Соңғы күндері резидентураға қабылдаудың жаңа жүйесіне қатысты көптеген сұрақ туындауда. Біз жас дәрігерлердің алаңдаушылығын түсінеміз және ең өзекті мәселелерге түсініктеме бергіміз келеді: Денсаулық сақтау министрлігі резидентураға үміткерлерді іріктеудің жаңа цифрлық жүйесін не үшін енгізді және ол қандай міндеттерді шешеді? 

Резидентураға қабылдау қағидалары неге өзгерді? 

Біздің басты міндетіміз – конкурсты барынша әділ, ашық әрі объективті өткізу. Резидентураға қабылдау алғаш рет бірыңғай электрондық платформа арқылы толық жүзеге асырылуда. Шешімді адам емес, кандидаттарды автоматтандырылған түрде рейтингтеу жүйесі қабылдайды. Бұл адами фактордың ықпалын болдырмайды, барлық түлектерге тең жағдай жасайды және білім беру гранттарын бөлуді барынша ашық етеді. 

Конкурстық балл қалай қалыптастырылады? 

Кандидаттарды бағалау кезінде екі объективті көрсеткіш тең үлесте ескеріледі: 

  • GPA – оқудың барлық кезеңіндегі академиялық үлгерім; 
  • тәуелсіз қорытынды аттестаттау (ТҚА) нәтижесі. 

Мұндай тәсіл бір ғана емтиханда көрсетілген білім деңгейін емес, болашақ дәрігердің бүкіл оқу кезеңіндегі даярлық сапасын бағалауға мүмкіндік береді. 

GPA жекелеген жоғары оқу орындарына артықшылық береді деген рас па? 

Жоқ.
Министрлік еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарының нәтижелеріне талдау жүргізді. Талдау университеттер арасындағы орташа GPA көрсеткіштерінің айырмашылығы айтарлықтай емес екенін көрсетті.
Сонымен қатар, тәуелсіз қорытынды аттестаттау барлық түлектер үшін бірыңғай талаптар негізінде өткізіледі және олардың даярлық деңгейін оқыған оқу орнына қарамастан объективті салыстыруға мүмкіндік береді.
GPA мен ТҚА нәтижелерін біріктіргеннен кейін ірі медициналық жоғары оқу орындарының арасындағы орташа конкурстық балл айырмашылығы шамамен үш балды құрайды. Бұл кешенді бағалау, керісінше, әртүрлі университеттердің ішкі бағалау жүйелеріндегі ерекшеліктерді теңестіретінін дәлелдейді. 

Неліктен бағалауды тек бір емтихан нәтижесі бойынша жүргізуге болмайды? 

Себебі білікті дәрігер – көп жылдық оқу, тәжірибе және өзін үздіксіз жетілдірудің нәтижесі. 

GPA студенттің бүкіл оқу кезеңіндегі жүйелі даярлығын көрсетеді, ал тәуелсіз қорытынды аттестаттау бірыңғай ұлттық стандарттар негізінде оның білім деңгейін растайды. 

Осы екі көрсеткіштің үйлесімі болашақ маманның кәсіби қызметке даярлығын барынша объективті бағалауға мүмкіндік береді. 

Мұндай модель басқа елдерде қолданыла ма? 

Иә. Францияда резидентураға бөлу де түлектерді ұлттық қорытынды бағалау нәтижелері негізінде жүзеге асырылады.
АҚШ пен Канадада оқуға түсу кезінде ұлттық емтихандардың нәтижелері, академиялық үлгерім, оқу кезеңіндегі жетістіктер және басқа да объективті көрсеткіштер ескеріледі. Бұл елдерде медициналық университетті бітіргеннен кейін жеке қабылдау емтиханы өткізілмейді.
Бұл – медициналық білім беру жүйесі дамыған елдерде қолданылатын халықаралық практика. 

Неліктен биыл конкурс жоғары болып көрінеді? 

Өйткені биылғы қабылдау науқанының өзіндік ерекшеліктері бар. 

Конкурсқа бір мезгілде: 

  • алты жылдық білім беру бағдарламаларының түлектері; 
  • жеті жылдық білім беру бағдарламаларының түлектері; 
  • өткен жылдардағы түлектер қатысуда. 

30 шілдедегі жағдай бойынша электрондық платформада 14 мыңнан астам өтінім өңделді. Конкурсқа шамамен 8,9 мың үміткер қатысады деп күтілуде, олардың 2,6 мыңнан астамы – өткен жылдардың түлектері. 

Мемлекеттік гранттар жеткілікті ме? 

Мемлекет мамандар даярлауға арналған мүмкіндіктерді жыл сайын кеңейтіп келеді. 

2024 жылдан бастап резидентурада білім алуға жыл сайын 2 500 мемлекеттік грант бөлінеді.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен де қаржыландыру жүзеге асырылады, сондай-ақ ақылы негізде білім алу мүмкіндігі сақталған.
Нәтижесінде жыл сайын шамамен 3 500 жас дәрігер мемлекет қаражаты есебінен резидентурада оқуын жалғастырады. 

Неліктен мемлекет белгілі бір мамандықтарға басымдық береді? 

Өйткені кадрларды даярлау пациенттердің нақты қажеттіліктеріне сай болуы тиіс.
Бүгінде елімізде дәрігерлер тапшылығы шамамен 3,9 мың маманды құрайды. Ең көп сұраныс жалпы практика дәрігерлеріне, терапевтерге, хирургтерге және педиатрларға байқалады.
Сондықтан мемлекеттік білім беру тапсырысы, ең алдымен, денсаулық сақтау жүйесінің кадрларға деген қажеттілігі жоғары бағыттар бойынша қалыптастырылады. 

Резидентураға түсе алмаған түлектер не істей алады? 

Олар медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына, аудандық және ауылдық ауруханаларға еркін жұмысқа орналаса алады. Бүгінде бұл мекемелерде жас мамандарға сұраныс ерекше жоғары.
Интернатураны аяқтағаннан кейін түлек дипломы бар дәрігер болып табылады және өз бетінше жұмыс істеуге құқылы екенін түсіну маңызды.
Бұл – кәсіби мансапты толыққанды бастаудың және практикалық тәжірибе жинақтаудың мүмкіндігі. 

Жүйе одан әрі жетілдіріле ме? 

Әрине.
Кез келген жаңа цифрлық жүйе бейімделу кезеңін қажет етеді. Біз қабылдау науқанының барысын мұқият талдаймыз, кәсіби диалогқа ашықпыз және жекелеген тетіктерді жетілдіруге дайынбыз.
Алайда басты қағидат өзгеріссіз қалады: резидентураға қабылдау әділ, ашық және объективті болуы тиіс, ал медицина кадрларын даярлау пациенттердің мүдделері мен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктеріне сай келуі қажет.