Ресейлік рэпер Джиган Мәскеу түбіндегі коттеджінде қызметкерлер мен күзетшілерді шамамен 10 сағат бойы ұстап, қарудан оқ атқан. Сол уақытта оның балалары үйдің ішінде шкафтарға тығылып, анасы Оксана Самойловамен байланыста болған, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 3 шілдеден 4 шілдеге қараған түні «Шато Соверен» коттедждер қалашығында болған. Бұл туралы ақпарат тек 23 қыркүйекте тарады. Бірнеше ресейлік БАҚ оқиға туралы Telegram-дағы Mash арнасына сілтеме жасап жазды.
Ақпаратқа сәйкес, Джиган камуфляж киіп, «Сайга-9» карабинін алып, үй қызметкерлерін қонақ бөлмесіне жинаған. Ол оларды түрлі әрекеттерге, соның ішінде «сатқындық» пен ақпарат таратты деп айыптап, кейін оқ атқан. Күзет қызметкерлерінің бірі қолы мен аяғынан жараланғаны хабарланды.
Оқиға кезінде рэпердің балалары үйде болған. Олар шкафтарға тығылып, болған жағдай туралы анасына хабарлаған. Кей деректерде балалардың әкесінен қорқып, анасынан көмек сұрағаны айтылады.

Атыс дауысын естіген көршілер полицияны, елді мекен күзетін және Джиганның таныстарын шақырған. Кейін келген адамдардың көмегімен рэпер залалсыздандырылғаны хабарланды.
Оқиғадан кейін Джиган Израильдегі оңалту орталығына жіберілгені жазылды. Алайда оның емделуіне дәл осы оқиғаның себеп болғаны әзірге ресми түрде расталмаған. Сонымен қатар полиция немесе Тергеу комитетінің оқиғаға қатысты ресми мәлімдемесі жарияланбаған.
Оқиға кезінде шетелде болған Оксана Самойлова кейін балаларын алып, Мәскеуге оралғаны туралы ақпарат тарады. Кей деректерде ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдап, күзетті күшейткені айтылады.