Ресейден Қазақстанға өтетін жолда ұзын-сонар кептеліс пайда болды

Ресейден Қазақстанға өтетін жолда ұзын-сонар кептеліс пайда болды
Көрнекі сурет ашық дереккөзден

Ресей тарапынан Ақтөбе облысы бағытында ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болды, деп хабарлайды ult.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Шекарадан өтуді қалаған азаматтар сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Қазақстандық қызметтер бұған өздерінің қатысы жоқ екенін айтып, қиындықтар Ресей аумағындағы өткізу бекетінде туындағанын мәлімдеді.

Қосымша жүктемені мереке алдындағы көлік ағыны да күшейтіп отыр. Кейбір жолаушылар аптап ыстықта ұзақ күтуді көтере алмай, көліктерін тастап кетуде. Олар шекараны жаяу кесіп өтіп, арғы беттен сапарларын жалғастыру үшін такси іздеуге мәжбүр.

Мамандардың айтуынша, өткізу пунктіндегі жағдай жақын арада реттеледі.

Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті:

"Аталған көлік кептелісі Ресей Федерациясы тарапынан байқалып отыр. Бұл, ең алдымен, Құрбан айт мерекесі қарсаңында Орталық Азия республикалары азаматтарының – еңбек мигранттарының – өз елдеріне оралуымен байланысты. Сонымен қатар, жүк және жеңіл көліктерге арналған бөлек қозғалыс жолақтарының болмауы да көлік жиналуына себеп болып отыр."