Жамбыл облысында фитосанитариялық бақылау барысында Қырғызстаннан әкелінген алхоры мен шиеден қауіпті карантиндік зиянкестер анықталып, өнімдердің ел аумағына кіруіне жол берілмеді, деп хабарлайды ult.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық инспекциясының мәліметінше, тексеру «Қордай» автомобиль өткізу бекетінде жүргізілген.
Бақылау кезінде салмағы 800 келі жаңа піскен алхорыдан Комсток сымыры анықталса, жалпы салмағы 1 450 келі болатын шие партиясынан азиялық жеміс шыбыны табылған.
Мамандардың айтуынша, бұл карантиндік зиянкестер ауыл шаруашылығы үшін елеулі қауіп төндіреді. Олар таралған жағдайда жеміс ағаштарын зақымдап, еліміздің бау-бақша шаруашылықтарына айтарлықтай шығын келтіруі мүмкін.
Тексеру қорытындысы бойынша залалданған өнімдер қауіпті деп танылып, түгелдей кері қайтарылды. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті мемлекеттік шекарада фитосанитариялық бақылау күшейтілген режимде жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл шаралар қауіпті карантиндік нысандардың Қазақстан аумағына енуі мен таралуының алдын алуға бағытталған.