Qyran ісі: пәтер алуға ақша төлегендер 2,2 млрд теңгеден қағылған

Qyran ісі: пәтер алуға ақша төлегендер 2,2 млрд теңгеден қағылған
Ашық дереккөзден

Астанадағы «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезіндегі алаяқтық іс бойынша төрт адам сотталды. «International Invest Company IIC» ЖШС-нің төрт қызметкері кінәлі деп танылып, 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында сотталғандардың сатып алу-сату шарттарының орнына заң бойынша меншік құқығын бермейтін брондау шарттарын, кепілақы туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдегені анықталды.

Күдіктілер сату кеңсесінде әлеуетті сатып алушыларға пәтерлердің макеттерін, техникалық паспорттарын, сенімхаттар мен компанияның жылжымайтын мүлікке құқығын растайтындай анықтамаларды көрсеткен. Осылайша азаматтарды мәміленің заңды екеніне сендіріп, пәтерлерді, коммерциялық нысандарды және автотұрақтарды нарық бағасынан төмен бағамен сатып алуды ұсынған.

Жәбірленушілер ақшаны қолма-қол берген немесе алаяқтық сызбаға қатысушылардың жеке шоттарына аударған. Бұл қаржы «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында көрсетілмеген.

Сонымен қатар сотталғандар құрылыс салушы компанияның қаражатын иемденуге бағытталған екінші алаяқтық сызбаны іске асырған. Олар компания атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркегенімен, сатудан түскен ақшаны кәсіпорынның кассасына өткізбеген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжанның айтуынша, сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талаптарын қанағаттандырған.

Сондай-ақ «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды. Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Бұдан бөлек, тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға берілген.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Астана прокуратурасы «Qyran» тұрғын үй кешеніне қатысты істің сотқа жолданғанын хабарлаған болатын.