Павлодар облысында құтқарушылар Ертіс өзенінен екі адамның мәйітін алып шықты. Олардың бірі – Ресей Федерациясының азаматы, екіншісі – бірнеше апта бұрын із-түссіз жоғалған әйел, деп хабарлайды ult.kz.
"Наша Жизнь" порталының жазуынша, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы Ертіс өзенінен 1990 жылы туған Ресей азаматының денесін тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам 28 мамыр күні суға түсіп, батып кеткен.
ТЖД мәліметінше, ол достарымен бірге өзен жағасында демалып жүрген кезде суға шомылуға кіріп, артынша көзден ғайып болған. Іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылып, мәйіт суға батқан жерден шамамен екі шақырым төмен орналасқан автогуж көпірі маңынан табылған.
Сондай-ақ Ертіс ауданына қарасты Иртышск ауылының маңындағы өзен салаларының бірінен 1990 жылы туған әйелдің мәйіті шығарылды. Әйел 18 мамыр күні белгісіз жағдайда суға батып кеткен болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында Федоров су қоймасында екі үндістандық студент суға кетіп, қаза тапқан еді. Құтқарушылар олардың денелерін жағадан 15 метр қашықтықта және шамамен бес метр тереңдіктен тапқан.
Мамандар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған орындарда шомылуға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.