Құрылыс ақауына ОСИ жауапты ма? Ұлдана Мырзуанның өлімінен кейін дау күшейді

Құрылыс ақауына ОСИ жауапты ма? Ұлдана Мырзуанның өлімінен кейін дау күшейді
elements.envato.com

Астанада тұрғын үй қаптамасының құлауынан фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқаннан кейін ОСИ төрағаларының жауапкершілігі мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасы хабарлайды. 

Алматы, Астана және Қарағанды қалаларындағы ОСИ басшылары заңға өзгеріс енгізуді талап етіп, петиция әзірледі.

ОСИ төрағаларының айтуынша, құрылыс кезінде кеткен қателіктер мен жасырын ақаулар үшін жауапкершілік үй басқарушыларына емес, құрылыс салушы мен мердігерге жүктелуі керек.

Өткен жылдың қарашасында Астанада көпқабатты үйдің қаптамасы құлап, жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан қаза тапты. Тағы үш адам жарақат алды. Осы іске байланысты үйдің ОСИ төрайымы сот алдында жауап беріп жатыр.

ОСИ басшылары өздерінің техникалық маман еместігін, ал тұрғын үйдегі жасырын ақауды анықтау үшін арнайы сараптама қажет екенін айтады. Сонымен қатар олар тұрғындардың жалпы жиналысында қабылданған шешімдерге тәуелді.

Мамандар құрылыс ақауын дәлелдеу үшін қымбат сараптама қажет екенін атап өтті. Ал құрылыс салушы банкротқа ұшыраған жағдайда жауапты тұлғаны анықтау одан әрі қиындай түседі.

ОСИ төрағалары заңда тұрғындар, ОСИ, жобалаушы, құрылыс салушы және мердігердің жауапкершілігі нақты ажыратылуы қажет деп санайды.

Олардың басты талабы – құрылыс кезіндегі қателіктер мен жасырын ақаулар үшін ОСИ төрағаларын жауапқа тартпау.