Құрылтай депутаттарының жалақысы жарияланды

Құрылтай депутаттарының жалақысы жарияланды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева депутаттардың ай сайынғы жалақысы қанша екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Бүгін Құрылтайдың алғашқы пленарлық отырысы өтті. Жиыннан кейін журналистер депутаттардан олардың жалақысына қатысты сұрақ қойды.

Дания Еспаеваның айтуынша, депутаттардың жалақысы еңбек өтіліне қарай есептеледі.

«Қазір депутаттардың жалақысы 600 мың мен 1 миллион теңгенің айналасында. Депутаттың еңбек өтілі көп болса, жалақысы 1 миллионға дейін барады», – деді ол.

Айта кетейік, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелері, өңір әкімдері мен депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялаған болатын. Сол кезде депутаттардың қолына 630–650 мың теңге алатыны айтылған. Ал 2023 жылы Сенат спикерінің ай сайынғы жалақысы 1 миллион теңгеден асатыны хабарланған.