Құрбан айтқа дайындық: ҚМДБ халыққа маңызды ескерту жасады

Құрбан айтқа дайындық: ҚМДБ халыққа маңызды ескерту жасады
коллаж Almaty.tv

Биыл Құрбан айт 27 мамырда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айттың тек діни мереке емес, қоғамдағы бірлік пен жанашырлықты күшейтетін рухани мейрам екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Оның сөзінше, бұл күндері қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға көмек беру, ренжіскен адамдардың татуласуы және үлкенге құрмет көрсету секілді ізгі құндылықтар дәріптелуі керек.

— Халқымыз ежелден Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған. Малдың ең жақсысын құрбандыққа шалып, етін мұқтаж жандарға тарату, қонақ күту, үлкеннің батасын алу — ұлт дәстүріндегі асыл құндылықтар, — деді Бас мүфти.

Сондай-ақ, ол мереке кезінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық дәстүр мен діни сабақтастықты насихаттайтын іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Мешіт аулаларында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен мәдени-рухани кештер өтеді.

Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге де арнайы үндеу жасап, Құрбан айтты пайда табатын науқанға айналдырмауға шақырды.

— Құрбан айт — табыс түсіретін мереке емес. Әсіресе, мал саудасымен айналысатын азаматтар бағаны негізсіз көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескергені жөн, — деді ол.

Бұдан бөлек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан qurban.muftyat.kz онлайн платформасының қызметі туралы да мәлімдеді. Жоба арқылы азаматтар құрбандық шалуға онлайн тапсырыс беріп, төлем жасап, рәсімнің орындалуын қашықтан бақылай алады. Құрбандық шалынғаннан кейін тапсырыс берушіге SMS хабарлама мен бейнеесеп жолданады.

Ал ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы құрбан шалудың діни талаптарын түсіндірді. Оның айтуынша, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Қой мен ешкі бір жастан, сиыр екі жастан, түйе бес жастан асқан болуы керек.

Сонымен қатар, Ермек қажы Қасболатұлы Астанада құрбан шалу рәсімі арнайы белгіленген орындарда — «Big Шанхай», «Баракат» және «Жайлау» базарларында өтетінін айтты.