Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылдан бері мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына қатысты 9 дерек анықталған. Заң талаптарын бұзған мемлекеттік қызметшілердің барлығы қызметінен босатылған, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мәлімдеді.
Департаменттің мәліметінше, былтыр мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойындар мен бәс тігуге қатысты 6 дерек тіркелген. Оның үшеуі — Ақжар ауданында, екеуі — Тайынша ауданында, біреуі Есіл ауданында анықталған. Ал биыл Петропавл қаласында тағы 3 дерек белгілі болған.
Департаменттің бас маманы Евгений Яковенконың айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуы тек жеке мәселе емес, мемлекеттік органның беделіне де әсер етеді.
«Құмар ойындар мен бәс тігу қаржылық тәуекелдермен байланысты. Оларға шамадан тыс әуестену тәуелділікке, қаржылық қиындықтарға, отбасылық және әлеуметтік қатынастардың нашарлауына әкелуі мүмкін. Әсіресе мемлекеттік қызметші үшін оның салмағы әлдеқайда ауыр. Себебі оның әрбір әрекеті жеке басының беделіне ғана емес, мемлекеттік органға деген қоғамның сеніміне де әсер етеді», — дейді Евгений Яковенко.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға шектеу қойылған. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң бойынша қызметші лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде «eGov mobile» қосымшасы арқылы құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына шектеу қоюға міндетті.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті мұндай заң бұзушылықтарды анықтау және тиісті шаралар қабылдау бағытындағы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қызметші үшін қызметтік тәртіп пен кәсіби әдеп нормаларын сақтау — міндетті талап.