Қазақстанның аралас жекпе-жек өнеріндегі ең танымал спортшылардың бірі Қуат Хамитов Алматы облысының күрес федерациясы вице-президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ult.kz.
Федерация өкілдері оның жаңа қызметке не себепті таңдалғанын түсіндірді.
Өткен аптада Алматы облысының күрес федерациясында бірден үш жаңа вице-президент тағайындалған. Олардың қатарында Қуат Хамитовпен бірге кәсіпкер Ерсұлтан Бөбей, Қазақстан кубогінің екі дүркін жеңімпазы Әлібек Әбдіқасымов бар.
«Қуат, ең алдымен, грек-рим күресімен айналысқан, спорт шебері. Ол Алматы облысында күреспен шұғылданған. Сондықтан осы жерде туып-өскен адамның бүгінде туған өлкесіне пайдасын тигізуге мүмкіндігі бар деп есептейміз. Оның спорттағы беделі мен көпшілікке танымалдығы федерацияға, жарыстарға және спортшыларымызға қосымша назар аударуға, жастар арасында күресті насихаттауға және аудиторияны кеңейтуге көмектеседі», – деді федерация өкілдері.
Федерация баспасөз қызметі Қуат Хамитовтың кәсіби спортшы ретінде үлкен спорттық және өмірлік тәжірибе жинағанын атап өтті.
38 жастағы Қуат Хамитов Қазақстандағы аралас жекпе-жек спортының танымал өкілдерінің бірі. Ол Alash Pride және WBK лигаларында чемпион атанған.