Қостанайда вагонның үстіне шыққан 15 жастағы жасөспірімді тоқ соқты

Қостанайда вагонның үстіне шыққан 15 жастағы жасөспірімді тоқ соқты
"Наш Костанай" порталы

Қостанайда теміржол бойымен жүрген 15 жастағы жасөспірім вагонның үстіне шығып, ауыр жарақат алды. Оны кернеуі 27 мың вольттан асатын электр тогы соққан, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға болған күні жасөспірім достарымен бірге серуендеп жүрген.

"Наш Костанай" порталының жазуынша, балалар үйге баратын жолды қысқарту үшін теміржол бойымен жүрген. Сол жерде пойызды көріп, суретке түспек болған.

Жасөспірімнің айтуынша, ол вагонның төбесіне отырып, досы суретке түсірген. Кейін орнынан тұрған сәтте электр доғасы соғып, соққыдан шамамен екі метр жерге ұшып түскен.

Тоқ соққаннан кейін жасөспірім есінен танып қалған. Есін жиған соң үйіне өз бетімен бармақ болғанымен, оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оған алғашқы көмек көрсеткен.

Жасөспірім облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне ауыр жағдайда жеткізілді. Оның денесінің 60 пайыздан астамын күйік шалған.

Травматолог-ортопед Мирас Елжасовтың айтуынша, жасөспірім бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, онда шамамен бір жарым ай ем алған.

«Бақытымызға орай, оның қолы мен аяғын сақтап қала алдық», – деді дәрігер.

Маман мұндай электр жарақатының аса қауіпті екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайда аман қалу мүмкіндігі өте төмен.

Қазір жасөспірім жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Алайда оны ауруханадан шығаруға әлі ерте. Дәрігерлердің болжамынша, емдеу шаралары тағы 2-3 аптаға созылуы мүмкін.