Қостанайда INVICTUS GO фитнес-клубының жаңа филиалы ашылып, салтанатты шараға жүздеген қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Фитнес-клубтың ашылу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен қала әкімі Марат Жүндібаев қатысты. Өңір басшысы бұқаралық спортты дамыту және тұрғындарға дене шынықтырумен тұрақты айналысуға жағдай жасау облыс үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жаңа спорт кешені тұрғындардың пайдалы әрі белсенді демалысына мүмкіндік беретін заманауи орталыққа айналуы тиіс.

Жаңа фитнес-клуб Қазақстандағы INVICTUS GO желісіндегі ең ірі нысан саналады. Аумағы 3 мың шаршы метр болатын кешенде жаттығу залдары, топтық сабақтарға арналған кеңістіктер, функционалдық жаттығу және демалыс аймақтары бар. Мұнда италиялық Technogym брендінің кәсіби жабдықтары орнатылған. Клуб бір мезетте 200 адамды қабылдай алады.
Келушілер өз бетінше жаттығу залында шұғылдана алады немесе топтық сабақтар мен функционалдық жаттығуларды таңдай алады. Жаңа нысан Қостанайдың солтүстік-батыс бөлігінің тұрғындарына спортпен үйіне жақын жерде айналысуға мүмкіндік береді.

Жобаға 2 млрд теңге инвестиция салынған. Клубтың ашылуы нәтижесінде қалада 30 жаңа жұмыс орны құрылды. Компания Қостанайдағы жұмысын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазір Триатлон паркінің маңында аумағы 4 мың шаршы метр болатын екінші INVICTUS GO клубының құрылысы басталған.