Қостанай облысының екі тұрғыны лицензиясыз микроқаржылық қызмет көрсетіп, қылмыстық кірістерді заңдастырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, 2024–2025 жылдары екі ер адам төрт компания арқылы аудан орталықтары мен кенттерде заңсыз қаржы схемасын жүргізген.
Олар зергерлік бұйымдарды кепілге қойып, ақша алуды ұсынған. Іс жүзінде клиенттерге мүлкін кепілге ала отырып ақша беріліп, одан күн сайын 0,4 пайыз сыйақы алынған.
Қарыз шарты жасалмай, төлемдер құжаттарда тауарды кейінге қалдырып сату комиссиясы немесе мүлікті сақтау ақысы ретінде көрсетілген.
Екі жыл ішінде бұл қызметке 1 600-ден астам адам жүгініп, заңсыз табыс көлемі 579 млн теңгеден асқан.
Сот ер адамдарды екі жылға бас бостандығынан айырып, бес пәтерін, үш автокөлігін және екі жер учаскесін тәркілеуге шешім шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.