Қостанай облысының Қарабалық ауданында қоныс аударушылардың тұрғын үй сатып алу кезінде заңға қайшы әрекеттер жасағаны анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратура хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қоныс аударушыларға келу өңірінде тұрғын үй сатып алу үшін 1 625 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде экономикалық мобильділік сертификаты беріледі. Алайда кейбір азаматтар бұл мемлекеттік қолдау тетігін заңсыз мақсатта пайдаланған.
Мәселен, 2024 жылы бір қоныс аударушы жалған сатып алу-сату шартын жасап, 6 миллион теңгеге пәтер рәсімдеген. Оның 3 миллион теңгесі бюджет қаражатынан өтелуі тиіс болған. Тергеу барысында сатушының қолына нақты 1,6 миллион теңге тигені, ал пәтер құны сатып алушының өтінішімен әдейі көтерілгені анықталды.
Сондай-ақ тағы бір жағдайда қоныс аударушы сертификат арқылы 2,67 миллион теңге алып, құны 5,5 миллион теңгеге жасанды түрде көтерілген пәтер сатып алған.
Алаяқтық деректері бойынша Қарабалық аудандық прокуратурасы екі қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында күдіктілер кінәсін мойындап, мемлекетке келтірілген 5,7 миллион теңге шығын толық өтелген. Осыған байланысты істер ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған.