Қостанай облысында 24 тонна этил спиртін заңсыз тасымалдау әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық прокуратураның үйлестіруімен Қарабалық ауданындағы "Қайрақ" өткізу пунктінде Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Шекара қызметінің мамандары ірі көлемдегі акцизделетін өнімді жалған құжаттар арқылы елден шығармақ болған деректі анықтаған.
Тексеру барысында жеке тұлғаның республиканың оңтүстік өңірлерінен лицензиясыз және кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелместен этил спиртін тасымалдағаны белгілі болды. Ал салық салу объектісін жасыру мақсатында ілеспе құжаттарда жүк «алма сірке суы» ретінде көрсетілген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 224-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды. Яғни, кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз және міндетті лицензиясыз жүзеге асырып, акцизделетін тауарларды елеулі мөлшерде тасымалдаған.
Қарабалық аудандық сотының 2026 жылғы 4 маусымдағы үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ мемлекет пайдасына 24 тонна этил спирті тәркіленді. Айыппұлдың жалпы сомасы 786 400 теңгені құрады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.