ҚМДБ мектептегі орамал мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірді

ҚМДБ мектептегі орамал мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірді
ашық дереккөз

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мектеп оқушыларының орамал тағуына қатысты пікір білдірді. ҚМДБ балиғат жасына жеткен мұсылман қыздарға мектеп формасына үйлесімді орамал тағуға мүмкіндік берілуі керек деп санайды, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрінің мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған, соның ішінде оқушы қыздарға орамал тағуға рұқсат берген жекеменшік білім беру ұйымдарына лицензиядан айыруға дейін шара қолданылуы мүмкін екені туралы мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланған еді.

Осыған байланысты ҚМДБ өзінің ұстанымын жариялады.

Діни басқарманың мәлімдеуінше, ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қыздың орамал тағуы – парыз. ҚМДБ бұл мәселедегі діни үкім өзгермейтінін атап өтті.

Ұйым бұған дейін де мемлекеттік органдарға мектеп формасының түсі мен жалпы үлгісіне сәйкес келетін орамал тағуға мүмкіндік беру жөнінде ұсыныс жасағанын айтты.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың мектеп формасына үйлесімді орамал тағуына мүмкіндік берілуі керек деп есептейді», – делінген хабарламада.

ҚМДБ өкілдерінің пікірінше, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сондай-ақ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру сияқты қатаң шараларды діни басқарма құптамайды.

Діни басқарма зайырлы мемлекет ұстанымы дінді жоққа шығару немесе азаматтардың діни сенімін шектеу дегенді білдірмейтінін атап өтті. ҚМДБ бұл мәселені тек тыйым салу немесе әкімшілік шаралар арқылы шешу қоғамдағы түсініспеушілікті күшейтуі мүмкін деп санайды.

Осыған байланысты ұйым Оқу-ағарту министрлігі мен өзге де уәкілетті органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетікті қарастыруды ұсынды.

ҚМДБ мәселені мемлекеттік органдар, дін өкілдері, ата-аналар мен сарапшылардың қатысуымен ашық әрі сындарлы диалог арқылы шешуге дайын екенін мәлімдеді.