Қазақстанда Nomad Poker атты ірі онлайн-казиноның заңсыз қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, Club GG Poker мобильді платформасы негізінде жұмыс істеген онлайн-казиноны Грузия аумағында жүрген Қазақстан азаматтары ұйымдастырып, үйлестіріп отырған.
ҚМА мәліметіне сәйкес, мұндай схема ұйымдастырушылардың жеке басын жасыруға, қаржы ағындарын бақылауды қиындатуға және заңсыз қызметке шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік берген.
Заңсыз ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеп, пайдаланушыларға онлайн-покер форматында ақшалай бәс тігуге және ұтысты шешіп алуға жағдай жасаған.
Жаңа ойыншыларды тарту үшін ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және түрлі жарнама құралдарын пайдаланған. Соның нәтижесінде заңсыз платформаға 20 мыңнан астам адам тіркелген.
Тергеу барысында күдіктілер қаржылық операцияларды жүргізу үшін «дропперлердің» кең ауқымды желісін құрғаны анықталды. Ол үшін шетел азаматтарының Қазақстанға келуі ұйымдастырылып, 400 АҚШ долларына дейінгі сыйақыға олардың атына банк карталары рәсімделіп, мобильді банкинг қызметі қосылған.
ҚМА дерегінше, заңсыз схема аясында 60-тан астам дроп-шот пайдаланылған. Алдын ала есеп бойынша, ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 миллиард теңгені құраған.
Сот санкциясымен Алматы қаласындағы бір пәтерге, үш автокөлікке және дропперлердің банк шоттарындағы 158 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.