«Қазгидромет» РМК еліміздің бірнеше өңіріне қатысты дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, 27 шілдеден бастап республиканың басым бөлігінде аптап ыстық сақталып, кей жерлерде ауа температурасы +47 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды ult.kz.
Метеорологтардың мәліметінше, 27-30 шілде аралығында Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында, 27 шілде мен 1 тамыз аралығында Маңғыстау облысында қатты және өте қатты ыстық сақталады. Сонымен қатар 27-31 шілде күндері Қостанай, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында да өте ыстық ауа райы күтіледі.
Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында 27 шілде мен 1 тамыз аралығында, ал Қызылорда мен Түркістан облыстарында 26 шілде мен 2 тамыз аралығында қатты ыстық болады. Осыған байланысты аталған өңірлердің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Ең жоғары температура Маңғыстау облысында тіркелмек. 27 шілдеде өңірде күндіз ауа температурасы +43…+47 градусқа дейін көтеріледі. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында +40…+43 градусқа дейін өте қатты ыстық күтіледі. Қостанай облысының оңтүстігінде +41 градусқа дейін ыстық болса, Түркістан облысында +40…+41 градус, Қызылорда облысында +40…+42 градусқа дейін жетеді.
Желдің күшеюі мен шаңды дауыл да бірқатар өңірде болжанып отыр. Маңғыстау облысының солтүстігі мен орталығында, Қызылорда облысының солтүстігі, орталығы және оңтүстігінде, сондай-ақ Түркістан мен Ақтөбе облыстарының кей аумақтарында шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-25 метрге дейін жетуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде бұршақ түсіп, дауыл соғуы ықтимал. Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр жаууы мүмкін.
Сонымен қатар түнгі және таңғы уақытта Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарының кей бөліктерінде тұман күтіледі.
Синоптиктер Алматы қаласында, сондай-ақ Атырау, Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және басқа да бірнеше өңірде төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті.
Мамандар тұрғындарды аптап ыстық кезінде күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және дауылды ескертулерді назардан тыс қалдырмауға шақырды.