13 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде тұман, найзағай, шаңды дауыл және қатты жел күтіледі. Сонымен қатар бірнеше облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды ult.kz.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Шымкент қаласында түннің бірінші жартысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында тұман күтіледі. Түркістан облысының оңтүстігі мен тау бөктерлі аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таулы аудандарда жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болжанады. Жамбыл облысының таулы аудандарында күндіз желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.
Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында шаңды дауыл күтіледі. Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде, Атырау облысының батысында, сондай-ақ Маңғыстау облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында қолайсыз ауа райы болжанады. Бұл өңірлерде желдің екпіні 15–20 м/с болады. Маңғыстау облысында кей уақытта 25 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында түнде және таңертең тұман түседі. Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарында да тұман күтіледі. Абай облысының орталығында тұман болады.
Солтүстік Қазақстан облысында күндіз батысы мен оңтүстігінде желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында жел 18 м/с-қа дейін күшейеді. Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында күндіз желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Алматы облысының шығысында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Жетісу облысының таулы аудандарында түнде тұман күтіледі. 13–14 қазанда Алакөл көлдері ауданында солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с, кей уақытта 23–28 м/с болады.
Өрт қаупіне қатысты ескертулер де жарияланды. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау, Жетісу және Қызылорда облыстарының бірқатар аумағында жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады. Атап айтқанда, Атырау облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында, Қарағанды облысының батысында, Ұлытау облысының батысы, орталығы мен оңтүстігінде және Қызылорда облысының аумағында төтенше өрт қаупі болжанады.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығын ескеріп, сақтық шараларын ұстануға шақырады.