Қазақстанның бірқатар өңірлерінде ауа райының қолайсыз құбылыстары күтіледі. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Синоптиктердің болжамынша, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар және Қостанай облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғып, желдің екпіні күшеюі мүмкін.
Алматы және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Жамбыл мен Түркістан облыстарының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Сонымен қатар елдің бірнеше өңірінде аптап ыстық сақталады. Күндіз ауа температурасы 35–41 градусқа дейін көтеріліп, жоғары және төтенше өрт қаупі сақталмақ.
Мамандар тұрғындарға ауа райы болжамдарын тұрақты бақылап отыруға, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және қолайсыз ауа райы кезінде ашық алаңдарда ұзақ уақыт болмауға кеңес береді.
ТЖМ өкілдері найзағай кезінде ашық жерлерде тұрмауға, ағаштардың астына жасырынбауға және көлік жүргізушілеріне жолда аса мұқият болуға шақырды.