«Қазгидромет» РМК 30 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялап, еліміздің бірқатар өңірінде қатты ыстық, найзағай, бұршақ, шаңды дауыл мен қатты жел күтілетінін хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында 30 шілдеде, ал Маңғыстау облысында 30 шілде мен 1 тамыз аралығында қатты және өте қатты ыстық сақталады. Қостанай, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында 30-31 шілде күндері аптап ыстық болады.
Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында 30 шілде мен 1 тамыз аралығында, ал Қызылорда және Түркістан облыстарында 30 шілде мен 2 тамыз аралығында қатты ыстық күтіледі. Осыған байланысты аталған өңірлердің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Ең жоғары температура Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркелуі мүмкін. Қызылорда облысында ауа температурасы 40-44 градусқа дейін көтеріліп, облыстың орталығы мен шығысында шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Түркістан облысында да күндіз 40-42 градус ыстық болып, кей аудандарда шаңды дауыл мен желдің күшеюі болжанып отыр.
Астанада күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілсе, Алматы қаласында төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкентте күндіз 40 градусқа дейін ыстық болып, солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Сонымен қатар елдің шығыс және солтүстік өңірлерінде ауа райының құбылмалы болуы күтіледі. Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғып, желдің екпіні 15-20 м/с, кей өңірлерде 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Ақмола облысында күндіз 35-38 градус ыстық күтілсе, Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстарында сынап бағаны 35-36 градусқа дейін көтеріледі. Жетісу облысында 35-38 градус аптап ыстық сақталады.
Синоптиктер өңірлердің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертіп, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Мамандар күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт далада болмауға, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және ауа райы болжамын қадағалап отыруға кеңес береді.