Алдағы әкімшілік амнистия аясында ІІМ бағыты бойынша қазақстандықтардың 17 млрд теңгеден астам айыппұлы есептен шығарылады, деп хабарлайды ult.kz.
Амнистия Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтып, азаматтарға, жеке кәсіпкерлерге және нотариус, адвокат, жеке сот орындаушысы сияқты жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қолданылады.
Жеңілдік 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған құқық бұзушылықтарға қатысты болады. ІІМ мәліметінше, амнистия шамамен 1 млн әкімшілік айыппұлды қамтиды.
Алайда қару мен есірткінің заңсыз айналымы, мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, қайталанған құқық бұзушылықтар және сотта қаралып жатқан істер амнистияға кірмейді.