Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады

Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады
ашық дереккөз

Қазақстан Оңтүстік Кореяның шетелдік жұмысшыларды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін EPS бағдарламасына ресми түрде енгізілді. Ел бұл бағдарламаға қатысушы 18-мемлекет атанды, деп хабарлайды ult.kz "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Қазақстандықтарды Оңтүстік Кореяға ұйымдасқан түрде жұмысқа қабылдау 2028 жылдан басталады деп күтілуде.

EPS жүйесі шетел азаматтарына Оңтүстік Кореяда мемлекеттер арасында белгіленген рәсім бойынша, бейресми делдалдардың көмегінсіз заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бағдарлама E-9 жұмыс визасы аясында жүзеге асырылады.

Жұмысшыларды қабылдау басталғанға дейін Қазақстан мен Оңтүстік Корея үкіметаралық меморандумға қол қоюы керек. Сонымен қатар Қазақстанда EPS-TOPIK орталығы құрылып, онда үміткерлердің корей тілін білу деңгейі тексеріледі.

Іріктеу барысында кандидаттардың кәсіби білімі мен дағдылары бағаланып, медициналық тексеру жүргізіледі.

Жұмысқа қабылдау мерзімі, тіркелу талаптары және құжат тапсыру тәртібі кейінірек Еңбек министрлігінің ресми ресурстарында жарияланады.

Ведомство әзірге Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяға жұмысқа қабылдау басталмағанын ескертті. Сондықтан «кепілді жұмысқа орналастырамыз» немесе іріктеуден жедел өткіземіз деп ақша сұрайтын делдалдарға сенбеу керек.

Қазақстанды EPS бағдарламасына қосу туралы шешімді Оңтүстік Корея үкіметі 2026 жылғы 14 тамызда қабылдады. Қазақстанның бағдарламаға қосылу жөніндегі жұмысы 2023 жылдан бері жүргізіліп келген.