Қазақстандық шахматшылар БАӘ-де өткен 32-ші Abu Dhabi International Chess Festival халықаралық шахмат фестивалінде екі медаль жеңіп алды. Ашық блиц-турнирде гроссмейстер Эдгар Мамедов күміс жүлдегер атанса, гроссмейстер Алдияр Ансат қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 жастағы Эдгар Мамедов мүмкін 11 ұпайдың 9,5-ін жинап, екінші орынды иеленді. 18 жастағы Алдияр Ансат 9 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады. Блиц-турнирдің жеңімпазы 10 ұпай жинаған халықаралық мастер Александр Усов болды.

Қазақстандықтар фестивальдің басты турнирі – Masters-те де сәтті өнер көрсетті. Оған 22 елден 109 спортшы қатысты, оның ішінде 17 гроссмейстер (GM), 32 халықаралық мастер (IM) және 5 әйелдер гроссмейстері (WGM) болды. Қазақстан өкілдерінің ішіндегі ең жақсы нәтижені халықаралық мастер Даниял Сапенов көрсетіп, алтыншы орынды алды.
Тоғыз тур қорытындысы бойынша 17 жастағы Даниял Сапенов 6,5 ұпай жинады – бұл екіншіден бесінші орынға дейінгі шахматшылармен бірдей. Қорытынды орындар қосымша көрсеткіштер бойынша бөлінді. Masters турнирінің жеңімпазы 7 ұпаймен Өзбекстан өкілі Жахонгир Вахидов атанды. Екінші орынды Даниил Дубов, үшінші орынды Александр Рахманов иеленді.
Ондыққа қазақстандық гроссмейстер Эдгар Мамедов та енді. Ол 6 ұпай жинап, 10-орынды алды. Алдияр Ансат та осындай ұпаймен турнирді 14-орында аяқтады.
32nd Abu Dhabi International Chess Festival БАӘ астанасы Абу-Дабиде 15–24 тамыз аралығында өтті.