Қазақстан – жүзден астам этнос пен бірнеше конфессия өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан мемлекет. Тәуелсіздік жылдарында елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім мен этносаралық татулық моделі әлеуметтік тұрақтылықтың, экономикалық өсудің және ұлттық бірліктің басты кепіліне айналды. Бүгінде ұлтаралық келісім тек саяси ұстаным ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірінен көрініс табатын ортақ құндылық болып қалыптасты.
Елімізде әр этнос өкілі мемлекет дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Корей этносы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және жаңа технологияларды енгізу саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Неміс қауымдастығы білім беру, өндіріс және инженерлік бағыттарда кәсіби тәжірибесімен танылса, дүнген этносы егіншілік пен көкөніс шаруашылығын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Татар, ұйғыр, орыс және басқа да этностар мәдениет, ғылым, медицина, білім беру және өнер салаларының дамуына белсенді атсалысып келеді. Бұл әртүрлі этностардың ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етуінің нақты көрінісі.
Ұлтаралық келісімді нығайтудың маңызды факторларының бірі – мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі. Соңғы жылдары қазақ тілін өзге этнос өкілдерінің меңгеруге деген қызығушылығы айтарлықтай артты. Бұл үрдіс мемлекеттік бағдарламалармен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамалары, тіл байқаулары, мәдени жобалар мен қоғамдық іс-шаралар арқылы қолдау тауып келеді.
Соның бір мысалы – корей этносының өкілі Александр Сон. Ол қазақ ауылында өсіп, мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Бүгінде әскери салада мемлекеттік тіл маманы ретінде еңбек етіп, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып келеді. Оның айтуынша, қазақ тілін меңгеруге атасының қазақ халқына деген алғысын тіл мен дәстүрді құрметтеу арқылы білдіру жөніндегі өсиеті себеп болған. Мұндай өмірлік тәжірибе Қазақстандағы азаматтық бірегейліктің этностық ерекшеліктен жоғары тұратынын көрсетеді.
«Қазір бір нәрсені ашық айтуға болады: қазақ тілін меңгерген өзге этнос өкілдеріне қоғамда құрмет ерекше. Мұны көпшілік жақсы біледі. Қазақ тілін білетін азаматтарға жергілікті халықтың да ықыласы жоғары. Сондықтан еліміздегі этнос өкілдерінің шамамен 75–80 пайызы мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылық танытады деп сеніммен айта аламын. Сонымен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұған өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі мен қызығушылығы дәлел», – дейді Александр Сон.
Білім беру саласында да этносаралық ынтымақтастықтың оң нәтижелері байқалады. Неміс этносының өкілі Анжелика Флейшавер бірнеше тілді еркін меңгеріп, жастарға білім берумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Оның пікірінше, мемлекеттік тілді білу кәсіби дамуға мүмкіндік беріп қана қоймай, түрлі этнос өкілдерін жақындастыратын маңызды құралға айналған.
«Мен шетел тілі пәнінің оқытушысымын. Менің қазақ тілін білгенім жұмыста жақсы көмектеседі және де жұмыс үдерісі қазақ тілінде өтеді. Жұмыстағы ұжыммен де, оқушылармен де жылы қарым-қатынастамын», – дейді Анжелика Флейшавер.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі қоғамдық келісімнің институционалдық негізін қалыптастырды. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, жастар тәрбиесіне, қайырымдылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жүздеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыстар этностар арасындағы өзара сенім мен құрметтің сақталуына ықпал етуде.
Бүгінде Қазақстан тәжірибесі көрсеткендей, қоғамдық тұрақтылықтың негізі – ортақ азаматтық жауапкершілік, заңға құрмет, мемлекеттік тілге деген ықылас және ортақ құндылықтарды бөлісу. Этностық алуандылық қоғамды бөлетін фактор емес, керісінше мәдени байлық пен әлеуметтік дамудың маңызды ресурсына айналып отыр.
Қазақстандағы ұлтаралық келісім моделі – еліміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі. Әртүрлі этнос өкілдерінің білімде, ғылымда, кәсіпкерлікте, ауыл шаруашылығында және мемлекеттік қызметте бірге еңбек етуі қоғамдағы сенім мен тұрақтылықты нығайтып келеді. Ал мемлекеттік тілдің біріктіруші күшке айналуы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жүйелі қызметі бұл үрдістің тұрақты жалғасуына берік негіз қалыптастырып отыр. Сондықтан ұлтаралық келісімді сақтау – мемлекеттің ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматының ортақ жауапкершілігі.