Қазақстандағы барлық перинаталдық орталықтарда ауқымды тексеру жүргізіледі

Қазақстандағы барлық перинаталдық орталықтарда ауқымды тексеру жүргізіледі
ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігі 15 тамызға дейін еліміздегі босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеру жүргізеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Министр Ақмарал Әлназарованың тапсырмасына сәйкес, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалайды. Тексерудің негізгі мақсаты – аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу.

Министрліктің мәліметінше, тексерулердің мақсаты айыппұл санын көбейту емес, қауіптердің алдын алып, оларды дер кезінде жою және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру.

«Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Кеңес қорытындысы бойынша инфекция жағдайларын тергеп-тексеру тәсілдерін қайта қарау, санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтарын жаңарту, сондай-ақ әрбір инфекция жағдайының себептеріне объективті баға беру тапсырылды.

Бұдан бөлек, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары медициналық ұйымдарды дезинфекция және зарарсыздандыруға қажетті құралдармен, жеке қорғаныш құралдарымен, заманауи жабдықтармен және бір реттік медициналық материалдармен қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ медицина қызметкерлерін инфекциялық бақылау мәселелері бойынша жүйелі оқыту жалғасады.

Министрлік антибиотиктерге төзімділік мәселесіне де ерекше назар аударып отыр. Осыған байланысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бактерияға қарсы препараттарды тек рецепт арқылы босату талаптарының сақталуын күшейтеді.

Тексеру нәтижелері бойынша әр өңірде инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған жол карталары әзірленіп, бекітіледі.