Қазақстанда жаназа күні ас бермеу үрдісі қалыптасып келе ме?

Қазақстанда жаназа күні ас бермеу үрдісі қалыптасып келе ме?
ашық дереккөз

Жақынын жер қойнына тапсырған күні марқұмның отбасына үлкен дастарқан жайып, көпшілікке ас беру дәстүрі қоғамда жиі талқыланып жүр. Соңғы уақытта кей өңірлерде жерлеу күніндегі асты кейінге қалдыру тәжірибесі де байқала бастаған, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы тіл жанашыры, жазушы Қанат Тасибеков әлеуметтік желідегі жазбасында айтып, Шымкенттегі тәжірибені бөлісті.

Оның сөзінше, Шымкентте өзі екінші рет адам жерленген күні жаназа асы берілмейтінін көрген. Марқұмның жақындары жерлеуге қатысқан адамдармен бірге зиратқа барып, Құран бағыштап, кейін үйлеріне тарайды. Ал ас жетісінде беріледі.

Жерлеуге қатыса алмаған адамдар марқұмның үйіне кейін келіп, көңіл айтып, Құран оқиды. Алайда оларға арнайы дастарқан жайылып, тамақ ұсынылмайды.

Автордың пікірінше, мұндай тәсіл ең алдымен марқұмның жақындарына түсетін салмақты азайтады. Өйткені адамынан айырылған отбасы қайғының үстіне жүздеген адамға ас берудің қамын жасауға мәжбүр болмайды.

«Мейрамхананы қайдан табамыз?», «қанша адам келеді?», «жұртты қалай күтеміз?» деген ұйымдастыру мәселелері қаралып жатқанда, отбасының қаралы жағдайы екінші орынға түсіп кетуі мүмкін.

Қанат Тасибеков Қазақстанның әр өңірінде жерлеу мен аза тұтуға қатысты дәстүрлердің әртүрлі екенін де атап өтті. Мәселен, Балқашта жаназа таң атпай оқылып, марқұм күн шыққанға дейін жерленеді. Ал жерлеуден кейінгі ас адамдардың жұмыс ауысымына байланысты күні бойы жалғасатын жағдайлар бар. Атырауда жүз күндік ас та белгілі бір уақытпен шектелмей, адамдардың өзіне ыңғайлы уақытта келуімен ерекшеленеді.

Автордың пікірінше, жаназа күні мол дастарқан жаюды міндет санамау – отбасының қайғысын жеңілдететін әрі артық шығынды азайтатын шешім.

«Зираттан жаңа ғана қайтып, жақыныңды жер қойнына тапсырған бойда мол дастарқанға отырып, ас ішудің өзі біртүрлі», – деп жазады ол.

Шымкенттегі бұл тәжірибе әзірге бүкіл Қазақстанға ортақ қалыптасқан дәстүр деп айтуға ерте. Дегенмен жаназа күні ас бермеу, ал асты кейінгі күндерге қалдыру мәселесі қоғамда жаңа көзқарас ретінде талқылана бастағаны байқалады.