Қазақстанда салынатын АЭС-тің алдын ала құны белгілі болды

Қазақстанда салынатын АЭС-тің алдын ала құны белгілі болды
ашық дереккөз

Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысының алдын ала құны 16,5 миллиард доллар болуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Астанада өткен брифингте Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, жоба ауқымды қаржыландыруды қажет етеді.

Сәтқалиевтің айтуынша, құрылысқа қажетті қаражаттың бір бөлігі Ресейдің экспорттық несиесі есебінен тартылуы мүмкін. Алайда ресейлік несиенің нақты көлемі әзірге айтылған жоқ.

Сондай-ақ агенттік басшысы физикалық қауіпсіздік жүйесін құру мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға шамамен 2 миллиард доллар қажет болатынын жеткізді. Бұл сома жобаның жалпы құнына енгізілген.

Алғашқы атом электр станциясы екі энергоблоктан тұрады деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау көзделген. Ал алғашқы реакторды 2034 жылы іске қосу жоспарланған.

Осылайша, Қазақстандағы алғашқы АЭС жобасы ұзақ мерзімге есептелген және елдегі ең ірі инфрақұрылымдық энергетикалық жобалардың біріне айналмақ.