Қазақстанда психологтардың мемлекеттік тізілімі жасалады

Қазақстанда психологтардың мемлекеттік тізілімі жасалады
Stock-Asso / Shutterstock / Fotodom

Қазақстанда жаңа «Психологиялық қызмет туралы» заңды іске асыру аясында психологтардың мемлекеттік тізілімі құрылып, олардың кәсіби әдеп кодексі әзірленеді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Министрліктің мәліметінше, 2 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң психологиялық қызмет көрсету саласын алғаш рет заң жүзінде реттеп, психологтардың кәсіби қызметіне бірыңғай талаптар енгізеді. Сондай-ақ психологиялық көмек алатын азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Заңды іске асыру аясында Еңбек министрлігі психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларын, кәсіби әдеп кодексін және басқа да қажетті нормативтік құжаттарды әзірлейді.

Сонымен қатар мемлекеттік тізілімді цифрлық форматта іске қосып, оны қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіру жоспарланып отыр. Министрлік бұл жұмыстарды кәсіби қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың қатысуымен кезең-кезеңімен жүзеге асыратынын мәлімдеді.