Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің белсенді дамуына байланысты энергия жинақтау жүйелері жобалары іске асырылуда. Бұл жел және күн электр станцияларында өндірілген энергияны жинақтап, оны тұтынудың шарықтау кезеңінде пайдалануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ult.kz.
«Жасыл» энергетика саласына TotalEnergies, Masdar, China Power және China Energy секілді ірі халықаралық инвесторлар тартылған. Аталған компаниялар қуаттылығы әрқайсысы 1 ГВт-қа дейін жететін жел электр парктерін салуда. Әрбір жел паркі жанынан қуаты 300 МВт болатын энергия жинақтау жүйелерін салу да көзделген. Бүгінде іске асырылып жатқан жобалардың жиынтық көлемі 1,6 ГВт-ты құрайды.
Сондай-ақ Қазақстанда энергожүйенің маневрлік мүмкіндігін арттыруға бағытталған гидроаккумуляциялық электр станцияларын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда Алматы облысында екі ГАЭС жобасы пысықталуда. ГАЭС «энергетикалық аккумулятор» қағидатымен жұмыс істейді: электр энергиясы артық өндірілген кезеңде су жоғарғы су қоймасына айдалады, ал тұтыну шарықтаған уақытта төменге жіберіліп, турбиналар арқылы электр энергиясы өндіріледі.