Қазақстанда білім, медицина, интернет және энергетика салаларындағы ұлттық жобалар жүзеге асырылуда

Қазақстанда білім, медицина, интернет және энергетика салаларындағы ұлттық жобалар жүзеге асырылуда
primeminister.kz

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында бірқатар ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Үкіметтің мәліметінше, «Келешек мектептері» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобалары аяқталған. Ал «Қолжетімді интернет» пен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобалары жалғасуда. Сонымен қатар «Көмір генерациясын дамыту» жаңа ұлттық жобасы басталды, деп хабарлайды ult.kz.

«Келешек мектептері» жобасы аясында үш жыл ішінде 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа мектеп салынды. Оның ішінде ауылдық жерлерде 84 мектеп бой көтерді. Нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі шешілді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы аяқталды. Бұл шамамен 1 млн ауыл тұрғынына медициналық қызметтерді қолжетімді етті. Бұдан бөлек, 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, 4 млн-нан астам ауыл тұрғынына мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артты.

«Қолжетімді интернет» жобасы аясында жоғары жылдамдықты интернет инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр. 2025 жылы спутниктік байланыс арқылы 362 ауыл интернетпен қамтылды, ал ел бойынша 743 «ақтаңдақ» жойылды. 2027 жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға 2025–2029 жылдары 13 трлн теңге инвестиция бағыттау жоспарланған. 2025 жылы 547 млрд теңге игеріліп, 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделді. 2026 жылға 1,1 трлн теңге көлемінде қаржыландыру бекітілді.

Ал «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы 2026–2030 жылдарға есептелген. Оның аясында кемінде 7,5 трлн теңге бюджеттен тыс инвестиция тарту, сегіз жаңа энергия нысанын салу және 11 қолданыстағы нысанды жаңғырту жоспарланып отыр.

Үкіметтің мәліметінше, бұл жобалар білім беру мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға, коммуналдық желілерді дамытуға, интернет пен энергияға қолжетімділікті арттыруға бағытталған.