Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті бельгиялық кәсіпкер әрі бұрынғы мұнай магнаты Фрэнк Монстрейді іздеуге жариялады. Оның есімі бұған дейін қашқын банкир Мұхтар Әблязов төңірегіндегі дауларда бірнеше рет аталған болатын, деп хабарлайды ult.kz.
Іздеу туралы ақпарат Бас прокуратураның құқықтық статистика порталында жарияланды. Мәліметке сәйкес, 61 жастағы бельгиялық азаматқа қатысты іздестіру ісі 20 мамыр күні Астанада тіркелген. Істі Қазақстан ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр.
Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, Фрэнк Монстрей – мұнай-газ саласындағы ірі инвесторлардың бірі. Ол 2004 жылы бұрын Zhaikmunai атауымен белгілі болған Nostrum Oil & Gas компаниясын сатып алған. Кейін компания Лондон қор биржасына шығарылып, Қазақстанның батысындағы мұнай-газ жобаларын игерумен айналысқан.
Бірқатар халықаралық жарияланымда Монстрейдің есімі БТА банкі ісі және Әблязовпен ықтимал байланыстар аясында аталған. Мәліметтерге қарағанда, 2017 жылы Лондон Жоғарғы соты БТА банкі талаптарының аясында Монстреймен байланысты құрылымдардың кей активтеріне шектеу қойған.
Ал 2018 жылы Organized Crime and Corruption Reporting Project журналистері жүргізген зерттеуде офшорлық компаниялар арқылы өткен 440 миллион доллар көлеміндегі күмәнді қаржы операциялары туралы айтылған. Тергеушілер бұл қаражат Монстрейге қатысы болуы мүмкін құрылымдар арқылы қозғалғанын мәлімдеген.
Алайда Фрэнк Монстрей өзіне тағылған күдіктерді жоққа шығарған. Ол журналистерге берген түсініктемесінде өзін Әблязовтың “сенімді адамы” болмағанын айтып, жағдайды бұрынғы бизнес қатынастарынан туған қаржылық даулармен байланыстырған.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарапы бельгиялық кәсіпкерге қатысты іздестіру аясында қандай нақты айып тағылғанын ресми түрде жариялаған жоқ.