Қазақстанда ерекше назар мен қолдауды қажет ететін балаларды ерте анықтап, оларға қажетті көмекті уақтылы көрсетуге арналған «Balazhan» цифрлық платформасы енгізілуде, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа платформа 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында іске қосылып жатыр.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, жүйе балалар мен олардың отбасылары туралы жаңа ақпарат жинауды талап етпейді. Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттарда және әртүрлі ақпараттық жүйелерде жүргізіп келген мәліметтер енді бір платформада жинақталады.
Бастапқы деректер жүйеге бір рет енгізіліп, кейін қажет болған жағдайда жаңартылады. Бұл құжат айналымын азайтып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.
«Balazhan» платформасы Ұлттық білім беру деректер қорының модулі болып саналады. Балалардың жеке деректері заңнама талаптарына сәйкес қорғалады.
Жаңа жүйе қолдауды қажет ететін балаларды үздіксіз сүйемелдеуге және оларға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған.