Қазақстанның білім беру жүйесінде барлық деңгей бойынша 600 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Министрліктің мәліметінше, еліміздің мектептерінде 420 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 104 мыңнан астам, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 42 мыңға жуық маман жұмыс істейді.
Білім беру ұйымдарының барлық деңгейінде әйел педагогтердің үлесі басым.
Сондай-ақ салада көп жылдық еңбек өтілі бар мамандардың саны да аз емес.
Мектептерде:
- 53 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан асады;
- 73 мыңнан астам педагог білім беру саласында 20 жылдан 30 жылға дейін еңбек етіп келеді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда 5 мыңнан астам, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 4 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан жоғары.
Министрлік бұл көрсеткіштер білім беру жүйесінде тәжірибелі мамандар мен жас буын өкілдерінің қатар еңбек етіп, педагогикалық дәстүрдің жалғасып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.